Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистентердің жалақысын реттеу қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Ал білім беру ұйымдарында 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.
"Бұл жай ғана статистика емес. Бұл - мыңдаған баланың тағдыры мен болашағына деген ортақ жауапкершілік. Педагог-ассистент баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол - ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына кәсіби қолдау көрсететін маман", - деді ол.
Айнагүл Балташеваның пікірінше, бүгінде педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр.
"Олардың лауазымы мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет. Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазір нормативтік реттеу айқын болмауы өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге әсер етеді", - деді ол.
Депутат педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін, оны құқықтық тұрғыдан нақты бекіту мүмкіндігін қарастыруды, қаржылық негіздеме әзірлеуді, жұмыс уақытын айқындап, есепке алу тәртібін белгілеуді, еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!