- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда өзін-өзі қорғау...
Қазақстанда өзін-өзі қорғау үшін қандай қару қолдануға рұқсат?
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзін-өзі қорғау үшін қолдануға рұқсат қарулар тізімі бар екенін білесіз бе? Бірақ, суық қару қолданудың арнайы ережелері бар екенін ескерген жөн. Ол қандай ережелер? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы 5-бабына сәйкес азаматтық қаруға Қазақстан Республикасы азаматтары коллекциялау, экспонаттау, өзін-өзі қорғау, спортпен, аң аулаумен шұғылдану мақсатында, сондай-ақ білім беру және мәдениет ұйымдары білім беру және мәдени мақсаттарда пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы (оқсыз атылатын қаруды қоспағанда) оқты түйдектете атылмауы тиіс.
Өзін-өзі қорғау үшін қолдануға рұқсат етілген қарулар:
- тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруы;
- газды қару – газды пистолеттер, револьверлер және олардың патрондары, механикалық тозаңдатқыштар, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат берген, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозольды және басқа да құрылғылар;
- электрлі қару – зақымдағыш қасиеті электр энергиясын пайдалануға негізделген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат берген қару және өзге де заттар;
Заңгер Сағидолла Баймұрат Желідегі парақшасында өзін-өзі қорғау қаруларын қолданудың ережелерінің қандай екенін түсіндірген.
"Бұлардың әрқайсысын қолдануға ішкі істер органдарының рұқсаты керек. Рұқсат болмаса, сатып ала алмайсың, қолдана алмайсың. Жақсы рұқсатың бар делік, дайындықтан өттің, есің дұрыс екенін дәлелдедің, әрі қарай қалай?
Арнайы азаматтық қаруларды қолдануының ережелері бар.
ҚР азаматтарына қажетті қорғаныс немесе аса қажеттілік жағдайында өмірді, денсаулықты және мүлікті қорғау үшін өздерінің заңды сақталуындағы қаруды қолдануға жол беріледі. Оның үстіне қаруды қарсы қолданатын адамға алдын-ала нақты ескерту беріледі. Ия, қылмыс жасау мен жасамау арасында ескертетін сәт болса, тоқта, тоқтамасаң атам деп айғайлап жіберуге болады. Тоқтамаса, батыл ата бер. Бірақ, бұл жерде өте мұқият болу керек. Атыс қаруынан келтірілген зиян өлімге алып келуі мүмкін, сол үшін қылмыс жасайын деп жатқан жерден қылмыскерді ұстап алсаң, атыс қарумен басынан атпаған жөн деп ойлаймын. Мүмкіндігінше, тоқтататындай ату керек. Себебі, басынан атып өлтіріп алсаңыз, жасамақшы қылмысы адам өліміне әкелмейтіндей болса, сіздің сотталып кетуіңіз мүмкін", - деді ол.
Мұндай ереже ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабында қарастырылған. Яғни, қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Ал енді азамат қорғану кезінде қажетті қорғаныс шегінен шығып кетсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 102 бабы бойынша, қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру - 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
"Ең бастысы, қаруды қылмыскерді қасақана өлтіремін, зиян келтіремін деп қолданбаған жөн. Тоқтату үшін қолдан!", - дейді заңгер.
@bai_sagi Өзін-өзі қорғау қарулары. Репост. Сауатты ҚАЗАҚ - Мықты Қазақ елі! #заңгер #қазақзаңгері #қазақшазаң #bappensoile ♬ original sound - Сағидолла Баймұрат
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қару ұстау тәртібі қандай екені хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Алақан неге терлей береді? Одан қалай құтылуға болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз-
Б. Жұмаділлә