Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы неде?

Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы неде?
Фото: gov.kz

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Тұрлыбеков Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізудің маңыздылығын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізу туралы қабылданған шешімнің бірнеше маңызды себебін атап өтті. Оның айтуынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанның көшпелілер өркениетіне және елімізде өзге елге мақтанышпен көрсететін ұлттық спорт түрлері бар. 

"Жақында халықтың Көшпенділер ойынына қатысты пікірін білу мақсатында сауалнама ұйымдастырдық. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Барлығы дерлік бұл іс-шараға қатысуды жоспарлап отыр", - деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Бақытжан Тұрлыбеков ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшылар үшін Көшпенділер ойындарына қатысу үлкен мәртебе екенін атап өтті.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл іс-шара Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізбек.

"Көшпенділер ойындары өтетін уақыт жақындаған сайын көз қуантарлықтай жаңартылған ипподромдар мен спорт кешендерін көріп отырмыз. Енді елордамызда ұлттық спорттың кез келген түрінен халықаралық деңгейде жарыстар өткізуге болады", – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті.

Көшпенділер ойындарының арқасында ата-аналар балаларын ұлттық спорт түрлерінен секцияларға жиі апарады. Тұрлыбековтің айтуынша, бұл - жарыстардың басты жетістігі.

Оның айтуынша, ұлттық спортты дамыту бағытында бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде.  Тұрлыбеков Қазақстанда 100-ден астам жоғары оқу орны бар екенін, қауымдастық жастарды ұлттық спортқа белсенді тартуды көздеп отырғанын айтты.

"Ұлттық спорт түрлерін студенттер арасында кеңінен насихаттау үшін студенттік лига құру жоспарланып отыр. Жоба аясында бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, онда мәселелердің мән-жайы егжей-тегжей талқыланды", - деді ол.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада 89 елден қатысушылар келетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық жарыс. Ойындардың негізгі миссиясы – этномәдени қозғалысты дамыту, көшпелі халықтардың ойындарын насихаттау және сақтау.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы