Қазақстанда осы жылдың басынан бері алаяқтардың 2 миллионнан астам қоңырауы бұғатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақтелеком" АҚ-ның өкілдері Қазақстан азаматтарының қалалық абоненттік нөмірлеріне алаяқтардың шетелдік қоңырауларын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген шаралары туралы хабарлады.
Жыл басынан бері олар әзірлеген жүйені пайдалана отырып мұндай 2 миллионнан астам қоңырау бұғатталған.
Алайда WhatsApp және Telegram мобильді қосымшаларына қылмыстық шабуыл мәселесі әлі де тіркеліп жатыр.
Осыған орай "Қазақтелеком" АҚ және ірі ұялы байланыс операторлары ("Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" (Теле2/Алтел) ЖШС-сы, "Кар-Тел" ЖШС-сы) ынтымақтастыққа және киберқылмысты жою үшін қажетті техникалық шешімдерді әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
Бас прокуратураның мәліметінше, кейінгі кездері жастар мен зейнеткерлер оңай табыс табу үшін қасақана немесе салдарын толық түсінбей, алаяқтыққа тартылып жатыр. Олар ұрланған қаражатты шығару немесе транзиттеу үшін банк карталары мен шот-фактураларды ашып береді. Аталған схемаға қатысатын және ұрланған ақшаны манипуляциялау тізбегінде делдалдық қызмет көрсететін адам "дроппер" деп аталады.
"Алаяқтыққа қасақана қатысқаны үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 28, 190-баптарына сәйкес, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осыған орай, азаматтардың назарын мұндай алаяқтыққа қатысуға жол берілмейтіндігіне және алаяқтықтың кез келген түрлеріне қатысқаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығына аударамыз", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз