Бүгінде елімізде 60 жастан асқан шамамен 3 миллион адам бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Биылғы жағдай бойынша елімізде 60 жастан асқан 2,8 миллион адам бар. Бір жыл ішінде олардың саны 3,7% өсті. Жалпы алғанда, қарт адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді: 2010 жылдан бері орташа жылдық өсім 3,8%.
Абсолют көрсеткіштердің артуымен қатар салыстырмалы көрсеткіштер де артып келеді. Биылдың басында 60 жастан асқан адамдардың үлесі ел халқының жалпы санының 13,9%-ы, көрсеткіш жыл сайын артып отыр, бұл халықтың қартаю үдерісін растайды. Мәселен, 2023 жылдың басында қарттардың үлесі 13,6% болса, 2020 жылдың басында 12%, ал 2010 жылдың басында 9,8% болды.
Гендерлік тұрғыдан алғанда жағдай мынадай: қарт әйелдердің үлесі 16,4%, ал қарт ерлердің үлесі 11,3%. Екі жағдайда да өсім байқалады.
Қазақстанда қарт тұрғындардың саны халықтың өмір сүру ұзақтығымен қатар өсіп келеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып отыр, тек коронавирус пандемиясы кезеңінде ғана азайды. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы - 75,44 жас (2023 жылдың қорытындысы бойынша — 75,1 жыл).
Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 79,42 жылға дейін (былтыр 79,06 жыл болды), ерлерде 71,33 жылға дейін (былтыр 70,99 жыл болды) ұзарды.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) секілді халықаралық агенттіктер халықтың қартаюын маңызды демографиялық мәселе деп бағалайды. Әлем бойынша өмір сүру ұзақтығы 1913 жылы 34 жастан 2022 жылы 72 жасқа дейін өсті, бұл ұзақмерзімді үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп болжануда. Десе де, 1970 жылдан 2020 жылға дейін туу көрсеткіші барлық елде төмендеді. БҰҰ мен ДДҰ құрылған кезде 15 жасқа дейінгі балалардың саны 65 жастан асқан адамдардың санынан жеті есе көп болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен теңеседі деп күтілуде. 2000 жылдан 2050 жылға дейін 80 жастан асқан адамдардың үлесі төрт есе ұлғайып, әлем халқының шамамен 5%-ы деп болжануда.
"Мұндай өзгерістер алдағы он жылда денсаулық сақтау, әлеуметтік әрі экономикалық салаларда жаңа мәселелерді туғызады", — деп атап өтті ХВҚ сарапшылары.
Айта кетейік, БҰҰ мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда қарт адамдардың саны алдағы уақытта да өседі.
Халықтың қартаюы мәселесінде зейнетақы жүйесінің маңызы ерекше. Қарттардың саны көбейіп, өмір сүру ұзақтығы артқан сайын медициналық және әлеуметтік қызметтерді жақсартумен қатар, зейнетке шыққаннан кейін сенімді қаржылық құрылым қалыптастыру маңызды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!