Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы протон терапия орталығы салынады

2024 жылы Астанада заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ашылады. Үкімет басшысы орталықтың Әлихан Смайылов құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР Премьер-Министрінің сайтына сілтеме жасап.

Жаңа орталық – бюджеттік инвестициялық жоба, оны жүзеге асыру үшін Швейцарияның және АҚШ-тың халықаралық жетекші компаниялары тартылған. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды, атап айтқанда, сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы, әкімшілік және техникалық блоктары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус салынды.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың басшысы, онколог Санжар Шалекеновтің айтуынша, жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсететін жаңа емдеу мекемесінде радионуклидті диагностика, радиофармацевтикалық препараттар шығару және радионуклидтік терапия жүргізу жоспарланған.

"Бізде радио-сәулелік емдеу қарастырылған. Ол бес аппаратпен ұсынылған: біреуі контактілі сәулелік терапияға, екіншісі контактісіз емдеуге арналған. Бұл - Edge, Turbine және Ethos сияқты құрылғылар. Олардың кейбіреулері Қазақстанда алғаш рет таныстырылып отыр", - деді ол.

Бұл ретте мекемеде посткеңестік кеңістіктегі алғашқы протон орталығы жұмыс істей бастайды. Орталықта жылына 800-1000 науқас ем алады.

 "Бізде онкогематология орталығы да қарастырылған. Мұнда сүйек кемігін трансплантациялауға арналған 15 төсек-орын бар. Бұл - барынша стерилді, таза бөлмелер, онда жылына 180-ден 200-ге дейін трансплантация жасау жоспарланған. Осылайша, біз республика бойынша мұқтаж науқастардың үштен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік аламыз",  - деді Санжар Шалекенов.

Жаңа медициналық орталықты аралау барысында Премьер-Министр елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам қатерлі ісік ауруы тіркеліп, 13 мыңнан астам адам қайтыс болатынын атап өтті.

 "Жағдайды жақсарту үшін біз Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрып жатырмыз. Бұл – күрделі нысан. Оның халықаралық стандарттарға сай болуы үшін құрылысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық компания тартылды", — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне бас мердігермен бірлесіп, 2024 жылдың 1 тамызына дейін протонды терапия орталығын іске қоса отырып, нысанды пайдалануға беруді тапсырды.

ҰҒОО басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург-онколог Әділбек Мұқажанов арнайы аппарат–циклотронмен жабдықталған протонды терапия орталығы туралы толығырақ айтып берді.

"Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы протон терапиясы жүргізілетін жалғыз орталық болады. Әлемде мұндай орталықтардың саны 100-ден аспайды, олардың бірі – бізде. Бұл протонды терапияның ерекшелігі фотонды сызықтық үдеткіштерден айырмашылығы, мұнда сәулелену неғұрлым мақсатты және жұмсақ болады. Бұл әсіресе балалар мен әлсіреген науқастар үшін өте маңызды. Яғни, мұнда сәуленің минималды әсері мен қоршаған тіндердің ең аз зақымдануы қарастырылған. Бұл ретте қайталама сәулелік ісіктердің даму ықтималдығы барынша азаяды", — деп атап өтті Әділбек Мұқажанов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз