Бүгінде елімізде орман өртін ерте анықтауға мүмкіндік беретін жүйе әзірленіп жатыр. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ерлан Нысанбаев орман өртін ерте анықтайтын жүйе біртіндеп енгізіліп жатқанын жеткізді.
"Былтыр бұл жүйе "Ертіс орманы" резерваты мен "Көкшетау" ұлттық паркінде енгізілді. Сондай-ақ, осыған ұқсас жүйелер "Бурабай" ұлттық паркінде, "Медеу" табиғи паркінде бар. "Бурабай" ұлттық паркіне енгізілген жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен бұдан бұрын орман өртінің орташа ауданы 80 гектар болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарды. Өртті ерте анықтау жүйесі республикалық және жергілікті деңгейдегі нысандарда кезең-кезеңімен енгізіліп, ситуациялық орталыққа қосылады", - деді ол.
Министр қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
"Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллектіні қолданып, бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Жобаның аясында еліміздің орман қорының аумағында әртүрлі көздерден алынған деректерді топтастыру арқылы өртті ерте анықтау және жедел шешімдерді қабылдауға, мониторинг жүргізу үшін бірыңғай Ситуациялық орталық құру жоспарланып отыр", - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!