Қазақстанда Оңтүстік Корея азаматтарын алдаған қылмыстық топ ұсталды

Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда жүргізілген ауқымды арнайы операцияның кейбір мән-жайын жариялады. Бұған дейін ҰҚК осы елдің 14 азаматы ұсталғанын мәлімдеген еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҰҚК мәліметінше, шетелдіктер телекоммуникациялық жүйелерді пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Олар 23 шілдеде ұсталған. Ал бұл туралы ақпарат 30 шілдеде жарияланды.

"Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту барысында заңсыз әрекетке пайдаланылған компьютерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер табылды", - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ұсталғандардың тергеу амалдарын жүргізу және кейін елден шығару үшін уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды.

Қылмыстық топ кімдерді және қалай алдаған?

Оңтүстік Корея басылымдарының мәліметінше, күдіктілер колл-орталық ашып, сол жерден Оңтүстік Корея азаматтарына қоңырау шалған. Олар өздерін осы елдің Қаржылай қадағалау қызметінің (Financial Supervisory Service, FSS) қызметкерлері ретінде таныстырған.

Алаяқтықтың нақты тәсілі жарияланған жоқ. Алайда 16 адам жәбірленуші деп танылғаны белгілі. Қылмыстық топ олардан жалпы сомасы 600 миллионнан астам оңтүстіккореялық вон, яғни шамамен 435–450 мың доллар алған.

Сеулге кезең-кезеңімен жеткізу кестесі

Оңтүстік Кореяның жетекші Yonhap News ақпарат агенттігінің хабарлауынша, іске қатысы бар 14 адамның барлығын Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға шығару және экстрадициялау 27 шілде мен 5 тамыз аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастырылған.

Инчхон әуежайына қонған бойда олардың әрқайсы қамауда Оңтүстік Кореяның тергеу органдарына тапсырылады. Одан кейін оларға ресми айып тағылып, тергеу мен сот жүреді.

Трансұлттық қылмыстық желінің бір бөлігі

Қазақстанда ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топтың бұдан да ірі қылмыстық желінің бір бөлігі екені хабарланды.

SBS News ұлттық телеарнасының мәліметінше, бірлескен операция барысында осы қылмыстық топтың тағы бес сыбайласы Оңтүстік Корея аумағында ұсталған. Ал өзге елдерде жасырынып жүрген тағы 19 күдікті халықаралық іздеуге жарияланды.

Шетелде әрекет ететін қылмыстық топтарға ескерту

Оңтүстік Корея үкіметі Қазақстан ҰҚК-сімен жүргізілген жедел үйлестіру жұмысына жоғары баға беріп, мынадай ескерту жасады:

"Шетелде отырып алаяқтық ұйымдастырса, жазадан құтылуға болады деген түсінік - қате. Азаматтарымызға шетелден зиян келтіретін кез келген қылмыстық топ қай жерде жасырынса да, іздестіріліп, қызметі тоқтатылады".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз