Қазақстанда онлайн петицияларға арналған бірыңғай сайт іске қосылды

Қазақстанда онлайн петицияларға арналған бірыңғай сайт іске қосылды
Фото: theconversation.com

Қазақстанда otinish.kz атты онлайн петицияларға арналған бірыңғай сайт іске қосылды. Бұл туралы strategy2050.kz хабарлады.

"Саяси билікке өз пікірімізді жеткізудің бірден бір амалы — онлайн петициялар. Олар Қазақстанда бар. Бірақ біз бұған дейін әртүрлі шетелдік сайттарды қолданып келдік. Мысалы Көк Жайлау немесе Іле Алатау ұлттық саябақтары туралы петициялар он мыңдаған қол жинады. Алайда оның құқықтық мәртебесі белгісіз болды. 100 мың қол жинадың делік, енді не болмақ? Сондықтан президенттің ресми онлайн петиция институтын құрып, оған құқықтық құзірет беру керек деген сөзін қолдаймын. Қазақстанда онлайн петиция платформасы жоқ. Сонықтан осындай сайтымызды ұсынбақшымыз – otinish.kz", – дейді сайтты жасаған ТALAP қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рақым Ошақбаев.

Оның айтуынша, петициядағы қолдың шын екенін соны қойған адамның ЖСН мен телефон нөмірі арқылы тексеру қажет. Сол үшін орталық цифрлы дамыту министрлігінен көмек сұрап отыр.

Сайтта петиция пайда болып үлгерді. Онда шағын және орта бизнестің өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан несие пайызын, орын жалдау ақысын азайтуды, салықтан демалысты ұзартуды өтінді.

Дереккөз: masa.media

Massaget