Қазақстанда онлайн несие алу тәртібі қиындайды

2025 жылдан бастап елімізде онлайн несие рәсімдеу қиындай түседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Информбюро 31" мәлімдеді.

2025 жылдан бастап банктер онлайн несие рәсімдеуге берілген өтінімді кемі бір күн қарайтын болады. Егер несиеге өтінішті алаяқ жолдағаны анықталса, тұтынушы бір күннің ішінде несиеден бас тартып үлгереді. Осы арқылы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушыларды алаяқтардан қорғағысы келетінін айтты. 

Онлайн несиеге өтінім берген тұтынушы биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймай, жеке басын растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) енгізуге міндеттеледі.

Ал микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының тұтынушыға тиесілі екенін тексеруі керек. 

Алайда сарапшылар жаңа жылдан бастап енгізілетін ережелер негізгі проблеманы шеше алмайтынын айтады.

"Бүкіл әлем бойынша тұтынушылық несие 2-3 пайыз. Енді сен тұтынушылық несиеге кіріп кеттің, 30-35 пайыз. Бітті саудаң. Одан кейін сен тағы бір кредит аласың. Енді қазір оны доғарамыз деп жатыр ғой. Бірақ дегенменде қазаққа оның жолын табу оңай. Сенің атыңа, мына кісінің атына, ана кісінің атына, сөйтіп бір-біріміздің атымызға жазып, бәрібір ала береміз”, - дейді экономист Жангелді Шымшықов. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!