Қазақстанда онлайн казино схемасы әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін тоқтату бойынша трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасын әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Схема қалай жүзеге асқан?

ҚМА мәліметінше, ақша төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде жасырылып, онлайн казиноның пайдасына шығарылған. Алайда Қазақстан аумағында онлайн казино қызметіне толық тыйым салынған.

"Схеманы жүзеге асыру үшін финтех сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған POS терминалдар мен Terminal ID қолданған. Заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 млрд теңгеден асады. Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан аса төлем ұйымы, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің кейбір лауазымды тұлғалары тартылған. Сонымен қатар, төрт онлайн казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call орталықтың қызметі тоқтатылды. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған", - деп жазылған хабарламада.

Заңсыз табыс туралы

Бұдан бөлек Call орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түсті.

"Бұл іс-шараларды жүзеге асыру барысында 70-тен аса тінту жүргізіліп, заттай дәлелдер тәркіленді. Сот санкциясымен тоғыз адамға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Олардың ішінде "Төлем ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басшысының кеңесшісі бар. Сегіз адамға халықаралық іздеу жариялау үшін материалдар дайындалып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!