Қазақстанда онкологияны емдеуге арналған тың әдіс пайда болды

Қазақстанда онкологияны емдеуге арналған тың әдіс пайда болды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда алғаш рет онкологияға шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдейтін терапия енгізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Инновациялық терапия науқастарға асқынып кеткен қатерлі ісікпен күресуге мүмкіндік береді.

Әдіс "Самарий, 153sm-Оксабифор" радиофармацевтикалық препаратын қолдана отырып жасалады. Бұл препарат метастаз немесе сынған жер секілді сүйектің зақымданған аймақтарына жиналады да сау тіндерге әсер етпестен оларды β-бөлшектермен сәулелендіреді. Әдіс белгілі бір бөлікке бағытталғандықтан ауырсынуды жеңілдетіп, дәрілерге деген қажеттілікті азайтады, сондай-ақ сүйек тініндегі сырқаттың асқынуын баяулатуға көмектеседі, - делінген ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы таратқан хабарламада.

"Әдістің ерекшелігі - дәстүрлі емдеу тәсілдерінде болатын жанама әсер мен қауіп азайып, пациенттердің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады. Бұл әсіресе созылмалы сырқат пен метастазы асқынғаннан зардап шегетін науқастар үшін өте маңызды", - дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы басшысы Айгүл Сәдуақасова.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина