Қазақстанда өндірілмейді: Атыраулық оқушы биопластик жасап шығарды

Қазақстанда өндірілмейді: Атыраулық оқушы биопластик жасап шығарды
Фото: Автордан

Биопластик – пластикалық пакеттерді алмастыра алады. Экоөнімді Абай орталығындағы JasSpace кеңістігінің оқушысы Дария Бегалиева жасап шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысындағы ең ірі STEAM білім беру орталығы - JasSpace кеңістігінің "Химия" курсында білім алған Дария биопластик жобасын жасауға екі ай уақытын жұмсаған.

"Биопластиктің табиғатқа зияны аз. Биопластикті жасауға су, глицерин, картоп крахмалын және сірке суын қолдандым. Қазір қарап отырсаңыз, азық-түлік дүкендері, гипермаркеттерде пластикалық пакеттегі заттар көп. Пластикалық пакеттерден түрлі улы заттар бөлінеді. Біз қазір нанның өзін пластикалық пакетке ойланбай орап жүрміз. Мен дайындаған биопластикті екінші мәрте қолдануға да болады" дейді Дария Бегалиева.

Жас ғалымның айтуынша, биопластикті қолданысқа енгізу қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтарды азайтумен бірге, агросекторды да дамытады. Себебі биопластикті жасауға ауыл шаруашылығы дақылдары мен өнімдері қолданылады. JasSpace кеңістігіндегі "Химия" курсының тренері Әсел Оңдашеваның айтуынша, биопластик мұнайдан жасалатын химиялық өнімдерге сұранысты да азайтады.

"Мәселен, химия саласында полимер жиі қолданылады. Полимерден түрлі синтетикалық заттар ​ жасалады. Синтетикалық өнімдердің құрамында түрлі улы заттар болады. Қазіргі уақытта біздер синтетикалық заттарды тағамдарды қаптауға қолданып жатырмыз. Оқушым жасап шығарған биоиопластик жобасы ыдыраған кезде де зиянды зат бөлмейді" дейді жас ғалымның жетекшісі Әсел Оңдашева.

Рас, соңғы кездері тағамдарды қағаз қораппен орау үрдісі пайда бола бастады. Бірақ, қағаздан пакет жасау үшін бірнеше мыңдаған ағаш кесілетінін ескерсек, оқушы қыз Дария Бегалиева ұсынып отырған биопластик – табиғатты қорғау үшін де оңды шешім болып отыр.

Жас ғалымның туындысын ғалымдар жоғары бағалады. Жақында Дарияның жобасы облыстық деңгейде өткен "JasSpace Project Challenge – 2023" ​ ​ робототехника және STEAM жобалар байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Енді бұл жоба республикалық конкурсқа да қатысатын болады.

"Биопластик Қазақстанда өндірілмейді. Жобаны әрі қарай дамытып, ​ патенттеу жоспарда. Алға қарай, бұл ғылыми жаңалықты Атыраудағы полимер зауытына ұсына аламыз" деді "Химия" курсының тренері Әсел Оңдашева.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы