Қазақстанда өлім-жітім көбейген. Ең көбі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген, - деп хабарлайды Finprom.kz.
Өлім-жітім коэффициенті бірнеше жыл бойы төмендеп, 2019 жылы қайта өскен. 2021 жылы 1000 адамға шаққанда 9,61 болған, бұл - 2009 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Қалалық жерлерде өлім коэффициенті ауылдық жерлерден едәуір асып түскен. 1000 адамға шаққанда 10,33 болған, ауылда бұл көрсеткіш - 8,57.
2021 жылы өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (1000 адамға 15,58), Қостанай облысында (1000 адамға 14,12), Шығыс Қазақстан облысында (1000 адамға 13,82) және Павлодар (1000 адамға 13,79) облысында байқалған.
2021 жылы өлім-жітім коэффициентінің ең төменгі көрсеткіші елордада тіркелген (1000 адамға 5,75-тен ғана). Одан кейін Маңғыстау (1000 адамға 6,14), Түркістан (1000 адамға 6,63) және Қызылорда (1000 адамға 6,96) облыстары, сондай-ақ, Шымкент (1000 адамға 6,76) тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ана мен бала өлімі көбейіп кеткенін атап өткен еді. Қазір перзентханалардың көпшілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Президент шұғыл шаралар қабылдап, бұл мәселені шешуді тапсырған болатын.
2021 жылы нәресте өлімінің жалпы коэффициенті 1000 сәбиге 8,44 болған, бұл - кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш.