Қазақстанда өлім жазасы жойылды. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады. Бұған дейін Қазақстанда өлім жазасына тек мораторий жарияланған еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды.
Өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады. Ол Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін атап өтті.
2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан президенті елдегі саяси реформаларды жүзеге асыру аясында Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырды.
Бұл халықаралық құжатқа қол қою – өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы. Қазақстанда өлім жазасына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы мораторий енгізген еді.