Қазақстанда несие алу қиындай түседі

1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Не өзгереді?

Бұл туралы бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтқан болатын. Шілдеден бастап банктер клиенттердің төлем қабілетін қатаң бағаламақ. Яғни жаңа көрсеткіштер - борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) мен қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті (ҚТК) енгізіледі.

БЖК азаматтар өз табысының қанша бөлігін несие мен басқа да міндетті төлемге жұмсап жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі соғұрлым төмендейді.

ҚТК адам жаңа несиені төлеп-төлей алмайтынын бағалауға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, банктер адамның табысының қанша бөлігі қарыздарды өтеуге кетіп жатқанын және жаңа несиені төлеуге шамасы жетіп-жетпейтінін тексереді.

Ресми табыссыз несие алу қиындайды

Негізгі өзгерістердің бірі - ресми табысқа басымдық беру. Банктер мынадай дерекке сүйенеді:

  • зейнетақы аударымдары;
  • міндетті медициналық сақтандыру жүйесі.

Адамның тұрақты әрі расталған табысы болса, несие алу мүмкіндігі жоғары болады.

Жаңа шектеулер кімдерге қатысты болады?

Бұл өзгерістер бірінші кезекте табысы расталмаған азаматтарға әсер етеді. Олардың қатарына мына адамдар кіреді:

  • жалақысын бейресми түрде алатын қызметкерлер;
  • еңбек шартынсыз жұмыс істейтін тұлғалар;
  • тұрақты немесе расталған табысы жоқ азаматтар.

Айта кетейік, Қазақстанда мұндай шектеулер бұрын да болған, бірақ шілдеден бастап оларды қайта реттеу жоспарланған. Енді банктер табыс деңгейін дәл есепке алып, әрбір қарыз алушыны жеке бағалайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!