- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда некелесетіндер азайған:...
Қазақстанда некелесетіндер азайған: себебі не?
Қазақстанда кейінгі 5 жылда некелесетіндер саны азайған. Бұл туралы "Қазақстандық отбасылар" ұлттық баяндамасында жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Неке санының ең жоғары көрсеткіші 2017 жылы тіркелген – 141 791, ал республика бойынша ең төменгі көрсеткіш 2020 жылы тіркелді – 128 839 неке.
Өңірлер бойынша осы бесжылдық кезеңде некеге тұру деңгейі барлық өңірде азайған. Осылайша, халықтың некеге тұруының азайғанына қарамастан, 2018, 2019, 2020 және 2021 жылдары Алматыда Қазақстан бойынша некелесудің жоғары деңгейі сақталған. Одан кейінгі орында Алматы, Түркістан облыстары мен Астана тұр.
Бұл өңірлерде бүкіл республика бойынша некелесудің төмендеуі аясында халықтың неке көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болып қала береді. Осылайша, жыл сайын тіркелген некенің жалпы санының статистикасы бұл көрсеткіштің біртіндеп төмендегенін көрсетеді, бірақ бірнеше өңірде некелесу көрсеткіші әлі де жоғары болып қала береді.
Бес жылдық кезең ішінде 2020 жылы болған некелесу көрсеткішінің ең төменгі деңгейі COVID-19 пандемиясының қоғамдық өмірге, соның ішінде халықтың некеге тұруына әсер етуіне байланысты түсіндіріледі.
"Бұл жағдайда халықтың некеге тұру көрсеткішінің 7,6% төмендеуі локдаун, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің баяулауы және үйлену тойларын өткізуге шектеулер сияқты факторлар себебіне байланысты. Қазақстанда некеге тұрудың төмендеуінің басқа факторлары әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдай болуы мүмкін. Егер ауылдық жерлер туралы айтсақ, онда негізгі фактор экономикалық фактор болады, өйткені қалалар мен ауылдардың дамуы айтарлықтай сәйкес келмейді. Ауылдық жерлерде жұмыспен қамтудың төмен деңгейі және халық табысының төмендігі сияқты проблемалар әлі де өзекті екенін атап өткен жөн", - делінген ұлттық баяндамада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан