- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- жалғызбасты отбасы талдау зерттеу
Қазақстанда неге жалғызбасты отбасы көп? Статистика
Қазақстандағы қоғамдық даму институты еліміздегі жалғызбасты отбасыларға қатысты талдау жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Институт мәліметінше, талдауға жасы 18-ден асқан, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған 30 ер мен әйел қатысқан. Жалғызбасты отбасылардың қалыптасу себептері:
- Ажырасу - 73,3 пайыз;
- Ресми тіркелмеген неке - 13,3 пайыз;
- Ата-ананың бірінің қайтыс болуы - 6,7 пайыз;
- "Өзі үшін" бала туып алу 6,7 пайыз.
Ажырасу
Жалғызілік отбасылар көбіне ерлі-зайыптылардың ажырасуы салдарынан пайда болады.
"Әйеліммен ажырастым. Ол тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қолдана бастағандықтан, ата-ана құқынан айырылды. Мен онымен күресуден шаршадым, сөйтіп ажырасуға тура келді. Балаларымыз менімен бірге қалды", - дейді 45 жастағы Қостанай тұрғыны.
Ал 33 жастағы Семей тұрғыны ажырасуға арызды өзі бергенін айтқан.
"Өйткені ол маған қол көтерді, көп ішті. Бала тәрбиесіне араласпайды, 15-20 минутқа ғана келіп кетеді. Мен одан балабақшадан қызын алып кетуін сұраймын, ол "сенің проблемаң, өзің ал" деп жауап береді. Бізге бұрын қалай салғырт қарады, ажырасқаннан кейін де солай жүр. Түк өзгерген жоқ", - дейді ол.
Заңды тіркелмеген неке
Ерлер мен әйелдердің заңды түрде тіркелмеген одағы жалғызбасты отбасылардың пайда болуының бір себебіне жатады.
"Некемізді ресми түрде тіркемеген едік. Ұлым 4 жаста болғанда ажырастық. Оны 4 айынан бастап өзім бағып келемін, - дейді 22 жастағы Семей тұрғыны.
Ата-ананың бірінің қайтыс болуы
Жалғызілік отбасылардың қалыптасуының келесі себебі - ата-ананың бірінің қайтыс болуы.
Мұндай отбасыларда ата-ананың бірі өмірден өтсе де, оның туыстарымен арадағы қарым-қатынас сақталады. Жақын адамынан айырылу қаншалықты ауыр болса да, отбасы тұтастығын сақтау үшін оның мүшелері біріге алады. Дегенмен отбасының жалғыз асыраушысы қайтыс болған жағдайда әлеуметтік-психологиялық және материалдық тұрғыдан көп проблема туындайды.
"Күйеуім қайтыс болғандықтан, балаларымды жалғыз тәрбиелеймін. Олардың әкесі де, анасы да - мен. Күйеуіммен 30 жыл бірге тұрдым. Ол бар кезде ешқандай проблема болған жоқ. Ал қазір балаларды әкесіз өсіріп жатқандықтан, аздаған ауыртпалық бар екені рас. Балалар әкесін сағынады, оның жоқтығына үйрену қиын, - дейді 53 жастағы алматылық.
"Өзі үшін балалы болатын" әйелдер
Көбіне "өзі үшін балалы болатындар" - әйелдер. Әдетте олар түйсініп, ана болғысы келеді, баласына жеткілікті көңіл бөледі, бар қажетін қамтамасыз етеді.
"Мен балама толық отбасылардағы балалардан да көп нәрсе беруге тырысамын. Теңізге барғысы келсе, кредит алсам да апарамын. Себебі жұмысымның, жалақымның тұрақтылығына сенімдімін. Мысалы, қызым тағамның әр түрін жейді, жемістерді де, қалағанын. Киім, аяқкиім, жалпы, бар қажетін алып беремін", - дейді 30 жастағы қостанайлық әйел.
Зерттеу мәліметінше, көп жағдайда жалғызбасты отбасыларда балаларды аналары тәрбиелейді.
Бала күтімі функциясын негізінен әйелге жүктейтін гендерлік рөлдерді бөлу көбінесе әкелердің бала тәрбиесіне нашар қатысуына және баланы асырауға алимент төлеу проблемасына әкеледі.
Елімізде қанша жалғызбасты отбасы бар?
2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша, елде бір ата-анасы бар 520 мыңнан астам отбасы бар деп есептелді ("Ескерту: осы көрсеткіш бойынша 2021 жылғы санақ деректері қазір қолжетімді емес). Оның ішінде анасы ғана тәрбиелеп отырған 452 730 отбасы, ал 68 256 отбасы тек әкесі тәрбиелеп отырған отбасылар. Жалғызілікті отбасында анасымен бірге 18 жасқа толмаған 212 492 бала бірге тұрады, ал жалғызілікті әкемен бірге тұратын 32 178 отбасы тіркелді. Бір ата-анасы бар 25 077 отбасы - көпбалалы отбасы.
2022 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалары бар 476 мың жалғызбасты әкелер немесе аналар отбасы бар, оның ішінде 423 959-ы балалы аналар отбасы, 52 мыңы - балалары бар әкелер отбасы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек