Қазақстанда небәрі 108 300 киік қалған

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитеті сәуір-мамыр айларында өткен киік санағының қорытындысын жария етті. Есептің қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда 108 300 киік тіркелген екен.

«Былтыр 2015 жылы Бетпақдала таралымының жаппай қырылуынан кейін 2016 жылғы киіктердің санағы бойынша ақпарат бергіміз келеді. Биыл киіктердің санағы сәуір-мамыр айларында өтті. Үш таралымда - Бетпақдала, Орал және Үстірт таралымында әуе санақ жүргіздік. Бетпақдала таралымындағы киік саны - 36200 киікті құрады, Орал тарылымында - 70200 киік, Үстірт таралымында - 1900 бас киік тіркелді»,-деп хабарлады бүгін министрлікте өткен арнайы брифинг барысында АШМ Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев.

Брифингке қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері былтыр Қазақстандағы киіктердің неден қырылғаны әлі нақты анықталмағанын айтып, бұрынғы болжам - жұқпалы ауру болуы мүмкін дегенді алға тартты.

«Ең көп киік мекен ететін Орал таралымы, осыны ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Орал таралымының күзетілуіне, киіктің таралуына аса назар салып отыр. Биыл мамыр айында Орал таралымын күзету, қорғау жұмыстары үшін нақты Орал қаласында арнаулы « Охотзоопром»  мекемесінің филиалын аштық. Ол филиалға қызметкерлер саны бойынша да, техника жағынан да көмек көрсетіп отырмыз. «Охотзоопром» мекемесінің жанынан төрт арнайы топ құрылды. Әрбір топқа жол талғамайтын екі көлік, әрбір көлікке екі инспектордан бөлдік. Екі топ Астанада, екі топ Қызылордада жұмыс істейді»,-деп атап өтті Б.Дүйсекеев.

Дереккөз: inform.kz