- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда Наурыз мейрамы...
Қазақстанда Наурыз мейрамы он күн тойлануы мүмкін
Қазақстанда Наурызды он күн тойлау ұсынылды. Ашық НҚА сайтында Наурыз мейрамы тұжырымдамасын бекіту бойынша жоба пайда болды.
Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:
14 наурыз – "Көрісу күні";
15 Наурыз – "Табиғат күні";
16 наурыз – "Бабалар еске алу және бата күні";
17 наурыз – "Тарих күні";
18 наурыз – "Игі істер күні";
19 наурыз – "Спорт және шеберлік күні";
20 наурыз – "Даналық және білім күні";
21 Наурыз – "Ұлттық тағамдар күні";
22 наурыз – "Ұлыстың ұлы күні";
23 наурыз – "Қадір тұту күні".
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. (...) Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру", - делінген құжатта.
Концепцияға сәйкес мереке міндеттері мынадай:
1) жалпы қазақстандық рухани құндылықтарды, халықтың бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту;
2) ата-анаға қамқорлық жасау, жақын адамдармен және туыстармен қарым-қатынас орнату дәстүрін дәріптеу арқылы отбасы институтын нығайту;
3) азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық мәдениетін дамыту;
4) этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
5) Қазақстан табиғатының бірегейлігін және табиғатқа ұқыпты қарау қажетін сезіну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жөніндегі қоғамдық бастамаларды дамыту.
"Наурыз мейрамын мерекелеу "Рухани жаңғыру" бағдарламасының идеялық құндылықтарын жүзеге асыру аясында үлкен маңызға ие. Наурыз - ұлттық бірегейлік пен үйлесімдік, береке мен бірлік мерекесі. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мереке", - делінген тұжырымдамада.
А. Рысдәулет