- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда мыңға жуық...
Қазақстанда мыңға жуық жолаушы түрлі тәртіп бұзғаны үшін пойыздардан түсірілген
Елімізде жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған мыңға жуық жолаушы пойыздардан түсірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері "Ақтөбе - Маңғыстау" бағытындағы жолаушылар пойызы бастығының актісі бойынша 53 жастағы ер адамды ұстады.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, көлік полицейлері тексеру барысында жол-жөнекей ішімдік ішкен Өзбекстан Республикасының азаматын анықтаған. Сонымен қатар, шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны анықталған.
"Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу), ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша бірден екі әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы ҚР аумағынан тысқары шығарылды. Дәл осындай құқық бұзушылық Семей станциясында да болды. Бұл жолы көлік полицейлері бірден қостанайлық үш ер адамды "Өскемен-Астана" бағытындағы жолаушылар пойызынан түсірді. Олардың бәрі ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басынан бері акті бойынша жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 972 адам түсірілген. Оның ішінде 826-сы қоғамдық орындарда мас күйінде болған, тоғызы темекі шегуге болмайды деген тыйымды ескермеген, ал 87-сі ұсақ бұзақылық жасаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова