Қазақстанда "Музейлер шеруі" басталды

Қазақстанда "Музейлер шеруі" басталды
Фото: gmirk.kz

Республика бойынша 30 тамызда "Музейлер шеруі" атты жалпыреспубликалық мәдени акция басталды. "Музейлер шеруі" "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" бөлімі және "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласын жүзеге асырып, халық арасында музей мәдениетін дамытып, қазақстандық көркемөнер мен авторлар танымалдығын арттыру мақсатында биыл кезекті рет қолға алынды. Аталмыш акция аясында республикалық және аймақтық музейлер жаңа бағдарламалар мен туындыларды ұсынып, белсене қатысады.

"Мәдениет пен өнердегі маңызды жаңалықтарға, мәдени-әлеуметтік шараларға қоғам назарын аудартып, мәдениет нысандарына назар аударту үшін, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" мен "Ұлы даланың жеті қыры" мақалаларын талқылау мақсатында "Музейлер шеруі" қолға алынды. 30 тамыздан басталатын акция әр айдың үшінші жұмасы кешкі сағат 21.00-ден бастап түнгі 03.00-ке дейін музейлерге тегін кіруге мүмкіндік болады", - дейді Нұр-сұлтандағы Ұлттық музейде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сеитова.

Қазір Қазақстанда бейіндік және ұлттық 245 музей жұмыс істейді. Акцияда барлық музей өз қорынан қонақтардың түрлі жас шамасына арналған мәдени-танымдық бағдарламалар дайындайды. Қонақтар Қазақстанның ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі тарихы мен мәдениетін, экспозициялар мен көрмелер арқылы тамашалайды.

Бірінші болып "Музейлер шеруі" жалпыреспубликалық акциясын Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, Нұр-Сұлтандағы Ұлттық музей, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар қаласындағы П.Васильевтың музей үйі, Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі бастайды.

Massaget