Қазақстанда мұнай өндіру көлемі артады

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі артады
Фото: geo-politica.info

Үстіміздегі жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің 1,5 млн тоннаға артатындығы болжануда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, Заң жобасы 2016 жылы Ұлтық қордан кепілдендірілген трансферт көлемін 2 880 млрд теңгеден 2 479,7 млрд теңгеге дейін қысқарту қарастырылады. Бұл осы жылы республикалық бюджетінің артық орындалуының күтілуіне байланысты жайт.

«Нақты айтар болсақ, бұл 2016 жылдың басындағы болжамға қараған салалар динамикасының жақсаруы есебінен 413 млрд теңгенің түсуіне байланысты. Мұнан бөлек, біз зор сеніммен мұнайдың орташа бағасы болжам деңгейінен жоғары болатындығын көріп отырмыз. Естеріңізде болса, ол 30 доллар деңгейінде қалыптасқан еді. Ал өткен 8,5 айдың ішінде орташа жылдық 40,5 доллар деңгейінде қалыптасты. Бағаның әрбір 5 долларға артуы бізге экспорттық кеден салығы түріндегі қосымша түсім әкеледі», - деді ол.

Оның айтуынша, экспорттық кеден салығы бойынша түсімдер 178 млрд теңге мөлшерінде болжануда. Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі де болжамды 74 млн тоннадан 75,5 млн тоннаға дейін артпақ. Оның ішінде Қашағаннан өндірілетіндігі күтіліп отырған 500 мың тонна мұнай да бар.

Қ.Бишімбаевтың мәлім етуінше, келесі жылы кепілдендірілген трансферт жартылай төмендетіледі және 2017 жылдың соңында Ұлттық қордың қоры шамамен 57 млрд теңгені құрайтын болады.

Дереккөз: inform.kz

T. Кіршібаев