Қазақстанда мұнай қоры 45 жылдан кейін таусылуы мүмкін - депутат

Биылғы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірісі шикізат есебінен екені анықталып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, алдағы уақытта мұнайға әлемдік сұраныс төмендеуі мүмкін. Ондай жағдайда бюджеті шикізатқа тәуелді елдің экономикасына айтарлықтай зиян келуі мүмкін.

"Біздің бюджеттің кірісі мен шығысы мұнай мен металл бағасының құбылмалығына байланысты. Сонымен қатар бағалауларға сәйкес Қазақстанда мұнай қоры 45 жылдан кейін таусылуға жақын. Сондықтан біздің тарапымыздан Ұлттық қордың қаражатын есепсіз жұмсау үлкен алаңдаушылық туғызады. Сонымен қатар жыл сайын алынатын трансферттердің сомасы да өсіп жатыр. Шенеуніктердің тәбеті азаймай тұр. Егер 2000-2023 жылдар аралығында Ұлттық қорға 75,4 трлн теңге бағытталса, оның шамамен 70%-ы немесе 47,8 трлн теңгесі кепілдендірілген және нысаналы трансферттер", - дейді депутат.

Оның айтуынша, Үкімет 2025 жылы нысаналы трансферттер сомасын екі есеге - 1,6-дан 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға ниет білдіріп отыр. Қазір Ұлттық қордың қаражаты жылдам жұмсалып жатыр. Бүгінде оның активтері 32 трлн теңгеден сәл ғана асады. Яғни соңғы жылдары шығындардың жылдан жылға өсуі, болашақ ұрпақты стратегиялық қаржы қорынсыз қалдыруы мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!