Қазақстанда мобильді интернет арзан: Мусиннің сөзі рас па?

Шілдеде цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздегі интернеттің бағасы мен сапасы туралы бірнеше мәлімдеме жасады. Оның бәрі қазақстандықтардың интернет жылдамдығы туралы шағымына қатысты болды. Алғашында шенеунік бәріне радиофобтар мен тым арзан тарифтерді кінәлады. Кейін қазақстандықтарға Еуропа мен АҚШ-ты мысалға келтіріп, интернетті үнемдеуге шақырды, сонымен қатар, Астана Speedtest (интернет жылдамдығы) рейтингінде Токионы басып озды деді. Мусиннің мәлімдемесімен қатар Қазақстандағы мобильді операторлар қызмет ақысын көтеретіні туралы хабарламалар пайда болды. Бұған қатысты Factcheck.kz редакциясы "Қазақстандағы интернет расымен өте арзан және қолжетімді ме" деген сұраққа жауап іздеп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шындық: Әлемдегі интернет бағасы туралы негізгі дереккөз - Cable.co.uk ұлыбританиялық аналитикалық ресурс. Портал рейтингіне сәйкес, Қазақстан расымен 1 гигабайт үшін ең арзан чек төлейтін мемлекеттер қатарына кірген. Оның бағасы - 0,37 АҚШ доллары. Расымен, басқа мемлекеттердегі бағамен салыстырғанда Қазақстанда интернет арзан.

Манипуляция: Cable.co.uk азаматтардың сатып алу қабілетін, яғни, интернеттің қолжетімділігін қарастырмайды. Біз Халықаралық электр байланысы одағының (ITU)  мобильді трафик бағасы мен жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс қатынасын, сонымен қатар әртүрлі мемлекет тұрғындарының төменгі және орташа жалақының қанша пайызын интернетке төлейтінін есептеп, 1 гигабайт бағасы әрдайым интернеттің халық үшін қаншалық арзан не қымбат екенін көрсете бермейтінін білдіреді деген қорытындыға келдік. Көптеген еуропалық мемлекет азаматымен салыстырғанда, қазақстандықтар жалақысының көп пайызын жұмсайды.

Мысалы, Нидерландта гигабайттың орташа бағасы Қазақстаннан көп (1,90 АҚШ доллары), бірақ айына 15 гигабайттың ақысы ең төменгі жалақының 1,34 пайызы ғана. Сөйте тұра, Қазақстанда тура сонша көлемдегі тариф төменгі жалақының 3,54 пайызы. ITU да мынадай нәтиже көрсетеді: Қазақстанда 2 гигабайт пакеті мен байланыс қызметі жалпы ұлттық табыстың 1,14 пайызы, ал Нидерландта небәрі 0,49 пайызы.

Министр не деді?

Қазақстандағы арзан мобильді интернет туралы деректерді ескере отырып, Бағдат Мусин арзан тариф тиімді пайдаланбағандықтан интернет жылдамдығының азаюына алып келеді деп түсіндірді.

"Тұтынушыларымыз үнемі интернетте отырады, бұл көп салмақ салады. Америкада не Еуропада тұтынушылар видео ашпас бұрын, оның керек-керек емесін ойланады, себебі ол мегабайт жұмсап отырып, ақшасынан айырылады", - деді Бағдат Мусин. 

Министр сөзінше, қазақстандықтар мобильді интернетке ақы төлер кезде еуропалықтар мен америкалықтар сияқты еш ауыртпалық түсірмейтін сияқты, сондықтан үнемдемейтіндей көрінеді. 

Мобильді интернеттің Қазақстандағы және әлемдегі бағасы

Телекоммуникациялар туралы ең көп цитата келтірілетін дереккөздің бірі - Cable.co.uk - кеңжолақты және мобильді интернет, телевидение бағасының аналитикасын ұсынатын алдыңғы қатарлы ресурс. Жыл сайын Cable.co.uk мемлекеттердегі мобильді интернеттің 1 гигабайт үшін баға рейтингін салып отырады. Орташа чекті алу үшін мамандар бүкіл әлем бойынша жүздеген тарифтік жоспарды қарап шығады. 2022 жылы Қазақстан ең арзан интернеті бар алғашқы 20 мемлекет қатарына енді. Оның орташа бағасы 0,37 АҚШ доллары болды.

Бірақ салыстырмалы түрде бағаның төмен болуы оның қолжетімді екенін білдіре ме? Cable.co.uk әртүрлі мемлекеттердегі тұтынушылық қабілетті қарастырмайды, бірақ Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) сондай форманы қолданады. ITU аналитиктері провайдерлер қызметіне халықтың жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысының қанша пайызы жұмсалатынын есептеп отырады.

Жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс - мемлекет жерінде бір жыл ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтердің бәрінің жалпы бағасына азаматтардың шетелден алған табысының қосылуы, одан шетелдіктердің мемлекеттен шығарып алған табыстарды алып тастағандағы көлемі.

Біз ITU пікірінше мобильді интернет пакеті бар ең тиімді бағаны (140 мин. + 70 смс + 2 гигабайт) жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыспен қатынасын есептеп шықтық. Қазақстан үшін бұл цифр 1,14 пайыз болды. 

Яғни, салыстырмалы түрде Қазақстанда тариф арзан болса да, мысалы, мобильді интернет әлемдегі ең қымбат саналатын Катарға қарағанда жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың көп пайызы жұмсалады. Тіпті, жалпы ұлттық табыс та жалпылама көрсеткіш, сондықтан тұтынушыларға 15 гигабайт* үшін ең төменгі және орташа жалақының қанша пайызын жұмсайтынын анықтап көрдік.

Түйін

Қазақстандағы мобильді интернет бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте демократиялы көрінуі мүмкін. Бірақ егер сатып алу қабілеті шығындарын ескерсек, Еуропа мен басқа мемлекет тұрғындары интернетке қазақстандықтарға қарағанда айлық жалақысының аз көлемін жұмсайды деген сөз. Сондықтан қазақстандықтар еуропалықтар мен америкалықтарға қарағанда интернет арзан болған соң үнемдемейді деп айту орынсыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!