Қазақстанда мобильді аударым бойынша жаңа шекті мөлшер енгізілуі мүмкін

Қазақстанда мобильді аударым бойынша жаңа шекті мөлшер енгізілуі мүмкін
Фото: Midjourney

Қазақстанда банкаралық мобильді төлем жүйесіндегі бір операцияның шекті мөлшерін екі есеге, яғни 500 мың теңгеден бір миллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Өзгеріс қазанда күшіне енуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы Бинұр Жәленов мәлімдеді.

Бинұр Жәленовтің айтуынша, 19 шілдеде іске қосылған, "бірыңғай QR" деп аталатын банкаралық мобильді төлем жүйесі туралы сөз болып отыр. Ол тек QR код арқылы төлем жасап қоймай, әртүрлі банк арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға мүмкіндік береді.

"Жоба жария талқылауға шығарылды. Бір транзакцияның шекті мөлшерін 500 мыңнан миллион теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Құжат қабылданса, жаңа ережелер қазанға қарай іске қосылуы мүмкін", - деді ол.

Бір миллион теңге деген шек бір транзакцияға қатысты. Сондай-ақ, банктер ішкі қатерге байланысты аударымдарға өз шектеуін қалдыра алады. Бұдан бөлек, пайдаланушылардың өздері де мобильді банк қосымшасында шекті мөлшер белгілей алады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget