- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда мейрамханаларда 10%...
Қазақстанда мейрамханаларда 10% қызмет көрсету ақысы мәзірде жазылған жағдайда ғана төленеді
Астанада мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерге қызмет көрсету үшін 10% төлем алу тәжірибесінің заңдылығы, сондай-ақ депозиттік жүйе мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап Massaget.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, қоғамдық тамақтану саласында ас мәзірін ұсыну жария оферта болып табылатынын, сондықтан қызмет көрсету үшін ақы төлеу қажеттілігі туралы ақпарат мәзірде көрсетілуі тиіс екенін еске салды. Егер мұндай ақпарат болмаса, төлемақы алу заңсыз деп есептеледі.
«Келушілерден заңсыз төлемдер алуды болдырмау үшін Ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді мейрамханалар қызмет көрсету ақысын тек мәзірде көрсетілген жағдайда ғана ала алады. Сондай-ақ «депозиттік жүйеге» тыйым салу ережелері айтылды, яғни мекемеге кіру тегін болып қалады, бірақ VIP-кабина, караоке кабиналар секілді қосымша қызметтер үшін төлем алуға болады», – делінген хабарламада.
Кездесу барысында Арман Шаққалиев кәсіпкерлерге қызмет көрсету ақысының ережелерін нақтылау мәселесін талқылауды ұсынды, әсіресе бұл төлемнің тамақ бағасына қосылғаны жөнінде. Қоғамдық тамақтандырудың өзін-өзі реттейтін ұйымының төрайымы Вероника Нұрпейісованың айтуынша, енді қоғамдық оферта ережелеріне сәйкес, мейрамханалар мен дәмханалар қызмет көрсету үшін алынатын төлем туралы келушілерді мекемеге кірген кезде хабардар етеді.
«Депозиттерге қатысты айтар болсақ, VIP-кабиналар мен караоке-кабиналарға депозит алуға құқығымыз бар. Нарықтағы ережелер барлық ойыншылар үшін бірдей болуы тиіс: не бәрі 10% алады, не алмайды. Барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді анықтау қажет. Егер мекеме қызмет көрсету үшін 10% алмаса және бұл туралы жария оферта ретінде көрсетпесе, онда ол дұрыс жұмыс істемейді», – деп түсіндірді Вероника Нұрпейісова.
Сонымен қатар ол: «Егер кәсіпкерлер қызмет көрсету үшін 10% алып тастаса және стейктің бағасы мысалы, 5500 теңге болса, ал көрші мекемеде 5000 теңге болса, шын мәнінде баға бірдей болып қалады. Бұл жағдайда даяшы шайпұл талап ете алмайды», – деп атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мейрамханалардағы қызмет көрсетуге алатын пайыздарды алып тастау қарастырылған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет