Қазақстанда мерзімді қызметтегі тағы бір сарбаз қаза тапты

Қазақстан әскерінде тағы бір қайғылы оқиға болды: елдің шығысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты. Мән-жайды Құрлық әскерлері қолбасшылығы тарқатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таратылған мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай 2026 жылғы 23 қаңтарда болған.

"Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды", - деді Қазақстан Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Арынғали Әкішев.

Әскери қызметші былтыр сәуірде мерзімді қызметке шақырылған.

Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Соталды тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

"Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын объектив әрі жан-жақты анықтау үшін оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияны министр орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков басқарады. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер басшылығы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажет көмек көрсетіледі", - деп қосты Әкішев.

Бұған дейін Маңғыстау облысында егізінен кейін әскерге кеткен Дінмұхамед есімді әскери қызметші қаза болған еді. Алғашында олар бір бөлімде қызмет атқарғанымен, кейін олардың бірі басқа әскери бөлімге ауыстырылған.

Былтыр 17 қыркүйекте отбасы қаралы хабар алған: Дінмұхамед өмірден озған. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда туыстары бұл нұсқамен келіспейді.

Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Боранбаев 19 жастағы Дінмұхамедтің қазасына қатысты пікір білдіріп, бауырларды әдейі ажыратпағанын, олардың әртүрлі уақытта әрі әртүрлі елді мекендерден шақырылғанын айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз