Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша менингококк инфекциясының 23 жағдайы тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, былтырмен салыстырғанда тіркелген дерек 5 жағдайға өскен. Аурудың жоғары үлес салмағы ересектер арасында (14 жағдай) тіркелген.
"Ауру ақпаннан бастап мамырға дейін көп тіркелді. Шілдеде 2 жағдай тіркелді. Менингококк инфекциясы өте тез дамиды, сондықтан аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде ауыр зардаптарды болдырмау үшін медициналық көмекке жүгіну керек, өздігінен емделуге болмайды. Сондай-ақ, басқаларға жұқтырмау үшін мұрын-жұтқыншақтың жіті және созылмалы аурулары - фарингит, тонзиллит, ларингитті уақтылы емдеу керек", - делінген ведомство хабарламасында.
Серозды менингит энтеровирустардан, сондай-ақ, вирустың кейбір басқа түрлерінен туындайды. Вирус су, көкөністер, жемістер, тамақ өнімдері, лас қолдар арқылы таралады. Инфекция көбіне су айдындары мен бассейндерде шомылу кезінде пайда болады.
Биыл серозды менингиттің 1 220 жағдайы тіркелген. Былтырмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Ауырғандардың 80 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар. Аурудың көп тіркелуі мамыр-маусым айларында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай және Қарағанды облыстарында тіркелді. Қазір ауру төмендеген.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға бірқатар ережені сақтау қажет екенін ескертті:
- тек ресми рұқсат етілген жерлерде шомылу, шомылу кезінде суды жұтып қоймауға тырысу;
- ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолдану;
- жемістер мен көкөністерді қолданар алдында жақсылап жуу;
- жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!