Қазақстанда азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіне жаңа талап енгізілді. Енді мемлекеттік орган өтінішті үш реттен артық басқа ведомствоға жолдаса, оның себебін жазбаша түсіндіруге міндетті, деп хабарлайды Massaget.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа талап нені көздейді?
2026 жылғы 8 қарашадан бастап күшіне енген нормаға сәйкес, мемлекеттік орган өтініште көтерілген мәселені неліктен өз бетінше шеше алмайтынын көрсетуге тиіс.
Сонымен қатар өтінішті басқа мекемеге жолдаудың нақты негізі түсіндіріліп, екі мемлекеттік органның да өкілеттігін растайтын заң нормаларына сілтеме берілуі қажет.
Жаңа талап азаматтардың өтініштерін ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдауға жол бермеуге, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және мәселе бойынша сапалы жауап беруге бағытталған.
Азаматтар қандай мәселелерге шағымданады?
Бұл мәселе Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшылығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Өтініштерді талдау нәтижесінде соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және арыз-шағымдарды бірнеше ведомство арасында қайта-қайта жолдауына қатысты наразылық көбейгені анықталған.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өтініштерді негізсіз қайта жолдау жағдайларына қатысты статистика мен нақты мысалдарды ұсынды. Сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген жауапкершілік шараларын түсіндірді.
"Жасырын" мемлекеттік қызметтер деген не?
Кеңес барысында мемлекеттік қызметтердің "жасырын" түрлері де сөз болды. Бұл – азаматтар бір мәселе бойынша тұрақты түрде өтініш бергенімен, мемлекеттік орган оны автоматтандыру немесе проактивті қызметке айналдырудың орнына жылдар бойы бір үлгідегі жауап берумен шектелетін жағдайлар.
Сондай-ақ кейбір азаматтардың шешілмеген мәселеге байланысты бір өтінішті бірнеше рет жолдайтыны айтылды. Осындай шағымдарды азайту үшін күрделі әрі ұзақ уақыт шешімін таппаған өтініштермен нысаналы жұмыс жүргізу ұсынылды.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге өтініштердің туындау себептерін жан-жақты талдап, оларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне мәні бойынша сапалы жауап беру және оларды ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдамау міндеті қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай