Қазақстанда медициналық мекемелер мен дәріханалар жаппай тексерілді: не анықталды?

Ішкі істер министрлігі дәрінің заңсыз айналымына тосқауыл қойып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңсыздықтар анықталған

Жыл басынан бері азаматтардың денсаулығын қорғауға және құрамында психотроп, күшті әсер ететін заттары бар препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған "Дәрмек" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыс барысында кейбір дәріхана қызметкерлері, сондай-ақ, фармацевтикалық қызметке қатысы жоқ өзге де тұлғалар мұндай препараттарды дәрігердің рецептісінсіз сатқаны анықталған.

Мұндай препараттар тек дәрігердің рецептісі бойынша берілуге тиіс. Өйткені оларды бақылаусыз қолдану ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін.

Жүзуден жаттықтырушы ұсталды

21-25 қыркүйек аралығында өткізілген іс-шара барысында 1500-ден аса медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ, 142 кәсіпорын тексерілген.

"249 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Құрамында есірткі бар 28 мың препараттың айналымы шектелді. 675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Петропавлда жүзуден жаттықтырушы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді. Түркістандағы дәріханалардың бірінде күшті әсер ететін заттарды лицензиясыз сату дерегі анықталып, 5 мыңнан аса таблетка тәркіленді. Оралда лицензиялау талаптарын бұзғаны үшін 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді", - деді ІІМ өкілі.

Қандай жаза көзделген?

Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген болатын. Бұл үшін 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза көзделген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!