Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза қатаңдатылады

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза қатаңдатылады
Фото: Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін жазаны қатаңдату көзделіп отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қызмет барысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, олардың денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту туралы нормалар бүгін Бас прокуратура тарапынан қолдау тапты. Бұл нормалар қазіргі уақытта мемлекеттік келісуден өтуде, аталған өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды", - деді Әлназарова Мәжілісте өткен брифингте.

Министрдің сөзінше, жаңа нормалар осы жылы қабылданады.

"Парламент депутаттарымен аталған норманы талқылап, қолдау иелендік. Осы жылдың ішінде Қылмыстық кодекске тиісті бап енгіземіз деп ойлаймын. Бұл қызмет бабында медицина қызметкерлеріне қарсы әрекет жасаған азаматтарға қылмыстық жауапкершілікті күшейту шарасы болмақ", - деп толықтырды министр.

Еске салайық, бұған дейін Ақмарал Әлназарова жедел медициналық көмек қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін - медқызметкерлер бейнежетондармен жабдықталатынын айтқан. Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары орын алды. Күзде Қостанай қаласында науқас әйелдің туыстары шақыртуға келген жедел жәрдем фельдшерін соққыға жыққан.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет