Қазақстанда маркетплейстер мен онлайн ойындар жұмысына қатысты жаңа ережелер енгізілмек

Қазақстанда онлайн-ойындар мен маркетплейстер мемлекеттік органдарға тексеруге жіберіледі – бұл шартты түрдегі "жұмыс істеуге рұқсат" алу үшін қажет. Мұндай жаңа ережелер "Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы" заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиеваның айтуынша, платформалар цифрлық өнімдерді, соның ішінде онлайн-ойындар мен қосымшаларды тексеруге және таңбалауға міндеттеледі. Олар ішінде не барын көрсетуі тиіс: мысалы, ойында басқа пайдаланушылармен хат жазысуға немесе сатып алулар жасауға болатын-болмайтыны нақтылануы керек.

"Уәкілетті орган тарапынан міндетті верификация тетігі, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық өнімдерді жою немесе бұғаттау талаптарының бұзылуын анықтау үшін мониторинг қарастырылған. Қауіп анықталған жағдайда, мәселен, ойын балаларға қауіп төндірсе, платформа иелері заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылады", – деді Зәкиева Құрылтайдағы үкімет сағатында.

Жаңа ережелер маркетплейстерге де қатысты болады. Бұл балалардың "сауда жасау үшін онлайн-алаңдарды белсенді пайдалануымен" байланысты.

Барлық платформадағы ата-ана бақылауы

Бұдан бөлек, барлық цифрлық платформалар ата-ана бақылауы функциясын енгізуге міндеттеледі. Балалар таңбалаудан және мемлекеттік органдардың тексеруінен өтпеген ойындар мен қосымшаларды көре алмайды және жүктей алмайды.

Тағы бір шара – фотосуреті бар балаларға арналған ID-карталарды енгізу. Олар баланың жеке басын дәл анықтауға мүмкіндік береді және Зәкиеваның түсіндіруінше, оның цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі құқығын қорғауға көмектеседі.

Спикер балаларға қатысты заң жобасында жалпы 120-дан аса түзету бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта құжат талқылау сатысында.

Бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың аккаунттары тоқтатылуы мүмкін екені хабарланған болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз