Қазақстанда мамандандырылған ХҚКО-ларға тексеріс күшейді

Қазақстанда мамандандырылған ХҚКО-ларға тексеріс күшейді
Фото: gov.kz

Автокөліктерді заңсыз әкелудің төрт схемасы анықталды. Бұл туралы ҚМА өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Барлық мамандандырылған ХҚКО-да төлемдер дұрыс болғанын тексеру мақсатында жүк көліктерін, автобустарды және басқа да көліктерді есепке қоюдың заңдылығы тексеріліп жатыр.

ҚМА бастамасымен алдын алу жұмыстары аясында Қаржы мониторингі агенттігі, Цифрлық даму министрлігі және "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ өкілдерінің кездесу өтті.

Кездесу барысында бүгінгі таңда алаяқтар қолданған 4 негізгі схема анықталғаны айтылды.

"Қылмыстық жауапкершілік шаралары ғана мәселені шеше алмайды. Болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық мүдделі тарапты тыңдау қажет. Біздің басты міндетіміз - алдын алу шараларын жүргізу", - деді ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.

Цифрландыру Вице-министрі Асқар Жанбакин ақпараттық жүйелердің толық интеграциясы жүргізілгенін хабарлады. Бұл VIN енгізу кезінде авто туралы барлық деректі автоматты түрде ақпараттық жүйеден тартуға және төленуі қажет алымдар мен төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді. Жүйені жаңарту ХҚКО қызметкерлерінің автокөлік туралы деректерді "қолмен" енгізудің жолын кеседі.

2023 жылғы тамыздан бастап ҚМА 23 қылмыстық істі тіркеді, бұл істер бойынша 3 мыңға жуық автокөлік өтіп жатыр. Мемлекетке келтірілген залал 14 миллиард теңгеден асты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова