Қазақстанда қызылшадан 2 бала қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қызылша ауруынан 2 бала өлімі тіркелді. Олар – 1 жасқа дейінгі балалар. Олар қызылшаға қарсы екпе алу жасына толмаған.
Бұл оқиға Астана мен Шығыс Қазақстанда болды. Бір бала шала туған. Оның бұған дейін де аурулары болған. Соңына ол қызылша жұқтырған" - деді Айжан Есмағамбетова Сенат кулуарында.
Ол сөз соңында қызылшаға қарсы екпе алу маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша бірінші орында
Еске салайық, бұған дейін Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры ЮНИСЕФ Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын хабарлаған болатын.
Кейінгі мәліметтер бойынша қызылша жұқтырғандар саны 20 мың 200 адамға дейін өскен. Елорданың бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенова Астанада да жағдай шиеленісіп тұрғанын айтты. Тәулігіне 45 жағдайға дейін тіркеледі екен.
Бұған дейін Астанада күн сайын қызылша жұқтыру бойынша 35 жағдай тіркелетіні айтылған еді. Науқастардың арасында екпе алмаған балалардың үлесі жоғары, яғни 67 пайыз немесе 725 жағдай. Ал 27 пайызы - екпе алғаны немесе алмағаны белгісіз ересектер. Бас дәрігердің айтуынша, екпе алған балалардың алты пайызы ғана ауырған.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!