"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзаққа Қызыл кітапқа енген түркістан сілеусіні өз күшіктерімен бірге түсіп қалды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Парк әкімшілігі Instagram-дағы парақшасында жыртқыштың фототұзаққа түскен кадрларын жариялады. Суреттерде аналық сілеусін мен оның күшіктері тасты алқапты аралап, айналаны бақылап, жартастарға иіс қалдырып жүр. Парк қызметкерлері бұл аңдардың өз иелігін белгілеу тәсілі екенін түсіндірген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мамандардың пікірінше, сілеусін адамға сирек көрінетін, өте сақ әрі жасырын тіршілік ететін жыртқыш, сондықтан фототұзаққа түскен әр кадр айрықша құнды.
Түркістан сілеусіні қандай жыртқыш?
Бұл Орталық Азияда таралған, мысықтар тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі. Ол адамнан тасаланып, олжасын аңдуға қолайлы тасты алқаптарды, ормандарды және жету қиын таулы өңірлерді мекендейді. Жануарды құлағының ұшындағы қара шоқтан, ұшы қара қысқа құйрығынан және жүніндегі дақтардан танып білуге болады.
Түркістан сілеусіні Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауында. БАҚ мәліметінше, оны аулауға 1976 жылдан бастап тыйым салынған. Біздің елде ол Алматы қорығында, Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы ұлттық парктерінде, сондай-ақ Алтын-Емел аумағында тіршілік етеді. Сілеусіндердің санын анықтап, олардың тіршілігін бақылау үшін мамандар фототұзақтарды пайдаланады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай