Қазақстанда қыз алып қашқандарға жаза күшейеді
Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында палатаның атқарған қызметі туралы баяндалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, сессия басталғаннан бері 31 заң қабылданып, Сенатқа жолданды, сондай-ақ 15 заңға Президент қол қойды. Олардың ішінде Бюджет кодексі, биржалық сауда мәселелері бойынша заңдар, есірткі қылмысы үшін жазаны қатаңдату, "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесін енгізу, соттарды жаңғырту, әкімшілік заңнаманы жетілдіру және тағы басқалары бар.
Қазір депутаттар 71 заң жобасын қарап жатыр. Салық, Су, Құрылыс, Цифрлық кодекстері мен тұтынушылар құқығын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, пошта секілді заң жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар қыз алып қашқаны үшін берілетін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер дайындап жатыр.
Депутаттар бюджет шығындарына парламенттік бақылау жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Жуырда Жоғары аудиторлық палата төрағасының ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялаудың тиімділігі туралы есебі тыңдалды.
Спикердің айтуынша, Мәжіліс заң шығару жұмысының ашықтығына, оған қоғам мен сарапшылар қауымдастығын тартуға ерекше мән береді. Қоғамдық палатаның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі.
Барлық партиялық фракция депутаттары мен бір мандаттық округтерден сайланған халық қалаулылары сайлаушыларымен жиі кездесулер өткізіп, азаматтарды қабылдап, өңірлерге сапарлайды.
Мәжіліс төрағасы парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыстың қорытындылары жөнінде мәлімет берді.
Ерлан Қошанов Amanat партиясының "Ауыл аманаты" және "Жер аманаты", сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан "Қарызсыз қоғам" жобалары туралы айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан