Қазақстанда қыз алып қашқандарға жаңа жаза ұсынылды

Қазақстанда қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Мұрат Әбенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, алдағы уақытта заңға түзетулер қабылдау жоспарланып отыр.

"Мен түзетуді енгіздім, ұсыныс бердім, қазір оны Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін оңтайландыру жөніндегі жұмыс тобы қарап жатыр. Жауапкершіліктің әртүрлі түрі, соның ішінде қылмыстық жауапкершілік - бас бостандығынан айыру, айыппұлдар, қоғамдық жұмыстар қарастырылған", - деді депутат журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қызды алып қашқандарға 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза енгізу ұсынылып отыр.

"Егер мұны топ болып жасаса, кәмелетке толмаған адамды алып қашса, қандай да бір зиян келтірсе - үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Үйде зорлықпен ұстаса, психологиялық және физикалық қысым жасаса, заң жәбірленушінің жағында болуы керек", - деді депутат.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!