Қазақстанда күздің алғашқы айында бірқатар өзгеріс болады. 1 қыркүйекте өткізілетін Алғашқы қоңырау шарасында мектеп аумағын шармен безендіруге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жолдауы жарияланады. Massaget.kz тілшісі қыркүйекте болатын осындай маңызды өзгерістерге шолу жасады.
Қыркүйекте ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің мәліметінше, күзде ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр жауады, жел соғады. Арасында жылы, шуақты күндер де күтіледі. Күздің алғашқы екі айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы, 1-2 градусқа нормадан жоғары болады деген болжам бар. Қыркүйек пен қазанда жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз болады, яғни құрғақ болады.
Биыл Алғашқы қоңырау қалай өтеді?
Елімізде 1 қыркүйекте өтетін алғашқы қоңырау шарасын ұйымдастыру тәртібі өзгерді. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік нұсқау хатында жазылған.
Осы нұсқаулыққа сәйкес, мына өзгерістер болады:
- Аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға; мерекелік дастарқандар жаюға; мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге рұқсат етілмейді.
- 1 қыркүйек қарсаңында мұғалімдерге гүл сыйлауға болады.
1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа пән пайда болады
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 1-қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде жаңа пән пайда болатынын айтқан еді.
Оның сөзінше, 1-сыныптан бастап "Еңбекке баулу" пәні енгізіледі. Жоба мектептер жанынан жылыжайлар ашуды көздейді.
Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.
Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналады.
Вьетнамға тұрақты рейстер қайта ашылады
Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстан мен Вьетнам арасында тұрақты рейстер қыркүйектің аяғында қайта ашылады.
Вьетнамдық Vietjet Air әуекомпаниясы қыркүйектің аяғынан бастап Airbus А-330 әуекемелерімен аптасына 2-3 рет Камрань - Нұр-Сұлтан және Камрань - Алматы бағыттары арқылы жолаушылар рейстерін орындайды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді
14 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі көшбасшыларының VII съезі ашылады. Бұған Рим Папасы Франциск те қатысады, ол 2022 жылғы 13-15 қыркүйек аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Рим Папасы сапардың екінші күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ, басқа бірқатар кездесуге қатысады деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!