Қазақстанда қылмыстың 80 пайызы үйде жасалады - депутат

Қазақстанда қылмыстың 80 пайызы үйде жасалады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы қай кезде де күрделі. Бұл мәселемен түрлі қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар айналысады, ал қоғам мәселені шешуге араласа бермейді.

"Әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, зорлау, өмірлерін қию жалғасып жатыр. Біз жаңалықтардан қоғамды алаңдататын, бірақ кейін ұмытылатын ең ауыр қылмыстар туралы үнемі естиміз. Дегенмен қоғам қалыпты өмірін өткізіп жатқанда, күн сайын үй ішінде және сыртында зорлық-зомбылық оқиғалары болып жатыр", - деді ол.

Депутат Қазақстандағы қылмыстардың 80 пайызы үй ішінде жасалатынын растайтын Ішкі істер министрлігінің статистикасын келтірді. Онда былтырғы 9 айда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 100 мыңнан аса оқиғасы тіркелгені көрсетілген. Алайда олардың 60 пайызында жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқандықтан, тиісті шара қолданылмаған.

"Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының орташа жасы - 33. Олардың басым бөлігі - экономикалық жағынан тәуелді әйелдер. Ал Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің дерегіне сенсек, елімізде күн сайын 5-6 бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2021 жылы бізде балаларға қатысты 2088 қылмыс тіркелсе, оның 913-і сексуалдық сипатта болған", - деді Нұргүл Тау.

Ол бұл сандардың барлығы тек ресми статистика екенін алға тартты. Сондықтан депутат отбасында жасалатын зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартудың уақыты келгенін айтады.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!