Ішкі істер министрлігі шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген адамдардың жүрген жерін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері Қазақстанның құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 80 адам шетелде анықталып, олардың 47-сі ұсталған. Сонымен қатар, республика аумағында шет мемлекеттердің бастамасымен іздеуде жүрген 371 адам анықталды. Олардың 107-сі қолға түсті.
"Тбилисиде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Қазір оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол көлік сату барысында бірнеше алаяқтық жасап, жәбірленушілерге 118 миллион теңгеден аса шығын келтірді деген күдікке ілінді", - деп жазылған хабарламада.
Молдова аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдарының бастамасымен халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол Қарағанды облысындағы есірткі зертханасының қызметін криптовалюта аударымдары мен мессенджерлер арқылы үйлестіріп, қаржыландырған.
Бұған дейін зертхана жойылып, заңсыз айналымнан есірткі, жабдықтар және прекурсорлар тәркіленді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова