Қазақстанда құс еті қымбаттады

Қазақстанда құс еті жылына бірден 28 пайызға қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Energyprom.kz мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Биыл қаңтар мен шілде аралығында жаңа сойылған немесе тоңазытылған құс еті өндірісі 64,2 мың тонна болған. Бұл былтырға қарағанда, 3,5 пайызға артық. Сондай-ақ, 75,9 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілген. Бұл былтырға қарағанда, 0,1 пайызға көп.

Өндірістің басым бөлігі Алматы және Ақмола облыстарына тиесілі. Ақмола облысында балғын немесе салқындатылған құс етінің 38,4 пайызы, мұздатылған құс етінің 18,6 пайызы, Алматыда жаңа немесе салқындатылған еттің 16,6 пайызы және мұздатылған құс етінің 50,6 пайызы өндірілген.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша отандық компаниялар құс еті мен тағамдық қосымша өнімдерге сұранысты 71,1 пайызға қамтамасыз еткен. Ал былтыр 68,9 пайыз қамтамасыз еткен. Осы кезеңде өндірістің 4,2 пайызға өсуімен ет импорты 6 пайызға, 58,7 мың тоннаға дейін қысқарған.

Ал ішкі нарықта өткізу көлемі 196,8 мың тонна болған. Бұл былтырға қарағанда, 5,3 пайызға артық.

Тамыз қорытындысы бойынша құс етінің құны бір жылда 27,9 пайызға өскен. Оның ішінде тауық еті 25,9 пайызға, тауық аяғы 28,5 пайызға, тауықтың кеуде еті 29,3 пайызға, аяғы мен жамбасы 29,5 пайызға қымбаттаған.

Өңірлер арасында құс бағасы Маңғыстау облысында айтарлықтай қымбаттаған, яғни 43,8 пайызға. Бұл қатарда Ақтөбе (37,8 пайыз) және Павлодар (35,2 пайыз) облыстары да бар. Ең төмен баға Қарағанды облысында тіркелген, жылына 15 пайызға қымбаттаған.

Тамызда дүкендер мен базар сөрелерінде бір келі тауық еті орташа есеппен 1300 теңге болса, бір келі тауықтың сан еті 1200 теңге болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!