Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты.

"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген хабарламада.

Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажетті қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек. Құрбандық шалғаннан кейін тапсырыс берушіге фото және бейне есеп жіберіледі.

Биыл Құрбан айт 28, 29 және 30 маусымда тойланады. 28 маусым елімізде демалыс күні болып жарияланды.