Қазақстанда құрастырылған көліктер қымбаттамайды – министр

Қазақстанда құрастырылатын автокөліктердің бағасы өспейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, қазір отандық автокөліктердің бағасы төмендеу үрдісін көрсетіп отыр.

Өткен жылы Қазақстанда 171 мың автокөлік шығарылған. Биыл өндіріс көлемін 191 мың көлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қостанай облысы мен Алматыда ашылған жаңа зауыттар әзірге толық өндірістік қуатына шықпаған. Қостанайдағы кәсіпорын жылына 70 мың, ал Алматыдағы зауыт 120 мың автокөлік шығаруға есептелген.

Ерсайын Нағаспаев көліктердің сапасына өндірушілер жауапты екенін атап өтті. Оның сөзінше, "Астана Моторс" және Allur секілді тәжірибелі компаниялар сапасыз өнім шығаруға жол бермейді.

Қазір Қазақстанда Қытай маркалы автокөліктер де құрастырылып жатыр. Алматыдағы мультибрендті зауытта Changan, Chery және Haval көліктері шығарылады.

Ал Қостанайда Li Auto өндірісін бастау жоспарланған. Бұған дейін Алматыда OMODA және JAECOO маркаларын құрастыру қолға алынатыны хабарланған еді.