Қазақстанда құрамында токсин бар шай сатылатыны рас па?

Қазақстанда құрамында токсин бар шай сатылатыны рас па?
Фото: pixabay

Қазнет қолданушылары арасында шайдағы "токсиндер" тексерілген ролик тарады. Видеода құрғақ шай демдемесіне аздап су құйылады, содан кейін оны қағаз парағына жаққанда ол сарғыш-қоңыр түске боялады. Нәтижесінде автор мұндай шай денсаулыққа қауіпті және қатерлі ісік ауруларын тудырады деген қорытынды жасайды. Мұның бәрі жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Видеодағы жазбада әйел кадрларда тексерген шай Пәкістанда шығарылғаны және бұған дейін оның құрамынан химиялық бояғыштар табылғаны жазылған.

Қазақстанда Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кейбір пәкістандық шайларға тыйым салынған болатын. Олардың үлгілерінен синтетикалық бояғыштар табылған. Бұл 2018 жылы болды, ал видеода көрсетілген шай тыйым салынған өнімдер тізімінде жоқ.

Видео авторы тәжірибе жасаған шайдың Пәкістанға қатысы жоқ. Ірі маркетплейстердің бірінен өнімнің қаптамасының суретін көруге болады. Олардың бірінде шайдың Кенияда өндіріліп, Қазақстанда Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылында қапталғаны анық көрінеді.

Сондай-ақ, қаптамада шайдың құрамы жазылған. Онда синтетикалық бояғыштар жоқ. Шайдың өзінен бөлек, құрамында апельсин мен грейпфрут бар.

Шайдың бояғыш қасиеттері бұл құрамында токсиндердің болуының белгісі емес екенін айта кеткен жөн. Шай құрамындағы каротин, теафлавин және теарубигиннің арқасында қағазды және басқа да ақ заттарды бояйды. Соңғы екеуі шай жапырағын ашыту процесінде пайда болады. Олар алтын сары және қызыл-қоңыр реңктер береді.

Қорыта айтқанда, біріншіден, шайдың қағазды бояуы - қалыпты жағдай. Бұл токсиндердің әсерінен емес, оның құрамындағы табиғи заттарға байланысты болады. Екіншіден, видеода көрсетілген шай Пәкістанда емес, Кенияда өндіріліп, Қазақстанда қапталған. Үшіншіден, бұл шай құрамында жасанды бояғыштар, денсаулыққа қауіпті заттар жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова