Қазақстанда құмар ойындарға жарнама жасауға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда ажырасқан әр он отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан болады. Құмар ойындарға тәуелді 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір елімізде 350 мыңнан аса адам құмар ойынның "инесіне" отырған. 2019 жылмен салыстырғанда, былтыр құмар ойындарға бәс тігу елімізде 40 есеге көбейген. Букмекер кеңселердің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен", - деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде құмар ойынның шырмауына түскендер шетінен қылмыскер болып жатыр. Былтыр 157 мыңнан аса қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құнныққандардың мойнында.

"Суицид жасаған 3676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек бар. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Біз осымен қалай күресеміз? Елімізде қоғамдық көліктердің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат ұлттық спорт алаңдары, көкпар мен бәйгенің барлығы тотализатордың орнына айналғанын атап өтті.

"Ұлтымызды сақтаймыз деп жүргенде, ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болғанын сұрағым келеді. Ұлтымызды, жұртымызды құртып жатқан құмар ойындарды түгел тоқтатын кез келді ғой?!", - деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл мәселе өте өзекті екенін жеткізді.

"Ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ондағы нормалар қазіргі өзгерістерге жауап бере алмайды. Мәселен, жарнамаға қарсы, балалардың ойынына ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан Парламент депутаттары бастамасымен енгізіліп жатқан түзетулердің барлығын құзыретті органдармен бірге қарап шықтым.

Бизнеске тиісті шектеу салатын 16 ұсынысты Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатырмыз. Бұл тұрғыда 8 шектеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қалған сегізі келер айда қаралып болады. Осының бәрін жинақтап, Парламентке келеміз.

Негізгі мәселе неде? Қазір шетел тәжірибесін зерттеп шықтық. Жалпы, ойын тәртібі бар екен. Оған сәйкес ойынның уақытына, ставка деңгейіне қатысты лимиті болуы керек. Сондықтан бұл бағытта тиісті шектеулерді қойып жатырмыз", - деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары құмар ойынның жарнамасына тыйым салынуы мүмкін екенін, бизнеспен келісу қиынға соғып жатқанын айтты.

"Шетел тәжірибесіне қарасақ, бір-де бір сыртқы жарнамада құмар ойындарын көрсетпеуі керек. Сондықтан жарнамаға шектеу жөнінде тиісті норманы белгіледік. Енді тек букмекер кеңсесінің ішінде, сондай-ақ спорт телеарналарында жарнама жасауға болады деген ұсынысты қарастырып отырмыз.

Сондай-ақ олардың жұмысын көлеңкелі жағдай бар. Әрбір тотализатор Қаржы министрлігіне интеграциялануы керек. Осылайша, қанша адам (құмар ойын) ойнап жатыр, қанша қаржы түсті, қанша қаржы салық түрінде түсуіне қатысты түзетулерді жасадық. Әрине, бизнеспен келісу қиындау болды. 4-5 ай бизнестің өзімен айтыстық. Қазір ұлттық экономика министрлігі бізді қолдап отыр", - деді Тамара Дүйсенова.

Аяз Есен 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз