- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда қосымша зейнетақы...
Қазақстанда қосымша зейнетақы төлемдері қашан беріле бастайды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті қарастырылған. Олардың бірі - 2023-2027 жылдар кезеңінде жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен енгізу. Бұл зейнеткерлік демалысқа шыққан азаматтарға жинақтаушы жүйеден қосымша зейнетақы төлемін төлеуге мүмкіндік береді.
"Бүгінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін (қызметкердің зейнетақы жинақтары есебінен қалыптастырылады) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты.
Зейнетақының ынтымақты бөлігі жыл сайын азаятыны белгілі, өйткені оны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жасалған еңбек өтілі ескеріледі. Бұл ретте жұмыскердің 10 пайыз БЖЗҚ-ға жарналары тиісті зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз", - делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамтамасыз етуде жұмыс берушіге маңызды рөл бөлінген. Мысалы, Малайзияда жұмыскер табысының 23 пайызынан жұмыс берушілер зейнетақы қорына - 12 пайыз, қызметкер - 11 пайыз; Австралияда 9,5 пайызын тек жұмыс беруші төлейді; Беларусьте - 29 пайыз, оның ішінде жұмыс беруші - 28 пайыз; Германияда - 18,6 пайыз, оның ішінде жұмыс беруші 9,3 пайыз төлейді.
"Қазақстанда ЖМЗЖ енгізу халықты зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуге мүмкіндік береді,сондай-ақ жоғалған табысты барабар зейнетақы төлемдерімен алмастыруды қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, күн тәртібінен тыс кезеңде жұмыс берушілерге түсетін жүктемені азайту мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында 5 жыл ішінде ЖМЗЖ кезең-кезеңмен енгізу көзделген", - делінген хабарламада.
Бұл шара зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталғаны айтылды. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы - БЖЗҚ-ға өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы-жұмыс берушілер жарналары есебінен.
Шартты-жинақтаушы құрамдауыш жинақтаушы (аударымдар кезеңі және олардың жиынтық көлемі тіркеледі) және ынтымақты (түскен қаражат 1975 жылдан кейін туған және зейнеткерлік жасқа жеткен жүйеге қатысушыларға зейнетақы төлеуге бағытталатын болады) зейнетақы жүйелерінің артықшылықтарын қамтиды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек