Қосымша білім беру ұйымдары рұқсат құжаттарын ұсына отырып, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерді өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы мәлім етті.
"Бүгінгі күні орта және техникалық кәсіптік білім беру лицензияланады, мектепке дейінгі білім беруде хабарлама жасау тәртібі қолданылады. Алайда қосымша білім беру жүйесінде лицензиялау немесе хабарлама жасау тәртібі бүгінгі күнге дейін қолданылмай келген. Осыған орай қосымша білім беру қызметтерін ұсыну сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында Заң жобасында қосымша білім беру ұйымдарына хабарлама енгізу тәртібі ұсынылады. Қосымша білім беру ұйымдары рұқсат құжаттарын ұсына отырып, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерді өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті болады", - деді министр.
Министрдің айтуынша, ұсыным халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады (Беларуссия, Өзбекстан), тіпті қосымша білім беру ұйымдары үшін кейбір мемлекеттерде лицензиялау талаптары кездеседі (РФ, Ұлыбритания, Сингапур).
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту министрі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз