Қазақстанда коронавируспен ауырғандарға қандай жәрдемақы беріледі?

Қазақстанда коронавируспен ауырғандарға қандай жәрдемақы беріледі?
Фото: rcpp.kz

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге үкімет өтемақы төлеуі тиіс. Бірақ кейбіріне ғана. Әрі әр адамға әртүрлі төленеді.

Заңгер Максим Мостовичтің айтуынша, Еңбек кодексінің 133-бабында жазылғандай, жұмыс беруші ауырған қызметкеріне ауруханада жатқан күндеріне қарай төлем (еңбекақы) жасауы тиіс. Ал қызметкердің қолында аурухана парағы болуы керек.

- Әлеуметтік жәрдемақыны үкімет төлейді. Оны қызметкердің ауырып жатқан (не төтенше жағдайға байланысты жұмыстан шығып қалған) күні мен орташа күндік жалақысы көбейтіліп есептейді, - дейді Максим Мостович.

Заңгердің айтуынша, бір айлық жәрдемақының көлемі 5 АЕК есебінен аспауы тиіс. Яғни, биыл мұндай жәрдемақының сомасы 39 765 теңге болмақ. Бірақ жұмыста жүріп жарақат алғандарға бұдан көбірек сома төленеді.

Ал егер қызметкердің дені сау болса, онда жұмыс беруші мен жұмыскер екеуі өзара келісе отырып, ақылы еңбек демалысын алу туралы келісімге келсе болады. Мұндай еңбек демалысы 24 күнге созылады.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев төтенше жағдай кезінде жұмысшы мен жұмыс беруші Еңбек кодексінің 112-бабын ұстана отырып, ең төменгі еңбекақы мөлшеріндегі жалақыны (42 500 теңге) беруге/алуға келіссе болатындығын айтқан еді.

Қ. Слямбек