- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар...
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті
Қазақстанның бас санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова елімізде коронавирус және тұмау жұқтырған науқастар саны өсіп жатқанын ескертіп, маска тағып жүруге кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліліметінше, биыл қаңтарда (2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда) елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есе өсіп, 477 дерек тіркелген. Былтыр желтоқсанда 187 жағдай болған.
СOVID-19 жұқтырғандардың ең көп саны Алматы (143 жағдай) және Астана (74 жағдай) қалаларында.
2024 жылғы 26 қаңтардан 1 ақпан аралығында елімізде жалпы 155 адам (144 жағдай КВИ+, 11 жағдай КВИ–) коронавирус жұқтырды. Бір аптада сырқаттанушылық 26 дерекке өскен.
"Алматы мен Астанада ауру көрсеткіші бойынша өсім бар. Омикрон штамы тарап жатыр. Ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Мұны біз науқастар санының өсуінен байқап отырмыз. Ауруханаға жатқызу деңгейі, өлім-жітім көрсеткіші өзгерген жоқ.
Астанаға тоқталайын. Биыл қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Өсім айтарлықтай емес. Бүгінде (коронавирус жұқтырған) 3 адам ауруханада емделіп жатыр. Бүгінде Қазақстан "жасыл" аймақта", - деді Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Комитет коронавирус жұқтырғандар саны өскеніне қарамастан елімізде карантин шектеуі енгізілмейтінін мәлімдеді.
"Кейінгі айда COVID-19 жұқтырғандардың саны өскені байқалады. Сондай-ақ, ЖРВИ және тұмаудың эпидмаусымы жүріп жатыр. Осыны ескеріп, адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, медициналық ұйымдарға барғанда, науқаспен байланыста болған кезде бетперде тағу ұсынылады", - деп жазылған хабарламада.
Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді.
"Биыл алғаш рет ЖРВИ және тұмаудың эпидмаусымында COVID-19 жұқтырғандар өсіп жатыр. Ақпанда сырқаттанушылықтың екінші толқыны басталады. Содан кейін ауру жұқтыру көрсеткіші төмендейді. Соңғы 2 айда ЖРВИ және тұмау жұқтыру көрсетші 7 пайызға өсті әрі коронинавирус жұқтырғандардың да саны артты. Осыны және тұрақсыз ауа райын ескеріп, бас санитария дәрігері ретінде шешім қабылдаймын. Біз жабық ғимараттарда және адам көп жиналатын орындарды маска тағып жүруге кеңес береміз", - деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда маска тағу режимі енгізіліп жатқаны хабарланды.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz